Created: 20 Қараша 2019
211

«Кубок - Гран При» чемпионаты

 

Хореография мамандығы бойынша ІІ Халықаралық

«Кубок - Гран При» чемпионаты

 

2019 жылдың 17 қараша күні Ақтөбе қаласында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық топтары педагогтарының қызметін ынталандыратын фестивальдік және конкурстық іс-шараларды өткізу, дарынды мұғалімдерді, топтар мен орындаушыларды анықтау, олардың қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатында ІІ Халықаралық «Кубок - Гран При» чемпионаты болып өтті.

Аталған байқауға Мақат балалар өнер мектебінен 56 оқушыдан тұратын «АЛАУ» би тобы қатысып, командалық есеппен байқаудың Гран Приін жеңіп алды.

Фестиваль-конкурсқа кәсіби топтар қатысты, олардың жұмыстары жеке жүйемен бағаланды. Яғни, кәсіби және әуесқой командалар әр түрлі бағалау жүйесіне сәйкес бағаланды. Байқау конкурстық емес, конкурстық бағдарламаны бағалаудың біліктілік қағидасын қолданды.

Нәтежесінде, кіші топ бойынша 10 оқушы «Қазақ» биімен І орын, 24 оқушы «Наше время» биімен ІІ орын иеленсе, орта топ бойынша 14 оқушы «Алау» биімен ІІ орын иеленді. Үлкен топ бойынша 10 оқушы «Қазақ» биімен І орынға ие болса, Борисова Айсұлу жеке «Бұлбұл» биін билеп, байқаудың Гран Приін иеленді.

Осы байқауға Мақат ауданынан бірге барған Бәйге-төбе мектеп-бөбекжай кешенінің балабақша тәрбиеленушілері балдырған топ бойынша жүлделі І орынға ие болды.

Оқу жылы басталғаннан бері үздіксіз дайындаған Изтелеуова Айгүл Айбарқызы, Жалғасбаева Айнаш Қалыбайқызы, Ерімова Әсем Данабекқызы конкурстың арнайы дипломымен марапатталды.

19 қараша күні Мақат теміржол станциясында Мақат балалар өнер мектебі ұжымы, мектеп басшылары, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар Ақтөбеден жүйтки жеткен поездан түскен жүлдегерлерді қуанышпен күтіп алды. Әсем әуен қалықтаған перронға Халықаралық байқау жүлдегерлерінің құрметіне арналған шағын салтанатты жиын өтті. Жиында Мектеп директоры, ата-аналар жетекші мұғалімдерді және жүлдегерлерді жетістігімен құттықтап, өнер биігінен көріне беруіне тілектестік білдірді. Ата-аналардың ақ батасы, ақжолтай тілегі көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұлттық өнердің дамуына Мақаттық жас дарындардың қосар сүбелі үлесі алда екеніне жиылған ел көңілінде үлкен сенім ұялады. 

Болашағынан үлкен үміт күтетін балаларға, оқушыларымызға сенім артып, қолдау көрсеткен ата-аналарға, мектеп басшыларына, ұстаздарға шексіз алғыс айта отырып, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!

 

 

Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары                                             Дюсенов Асқар Кеңесұлы